Кушенова Балкия Орынбасарқызы
Атырау қаласы
№34 «Нұрбөбек» бөбекжай-балабақшасы
директоры
Болашақ бөбекжай балабақшадан бастау алады.
Бүгінде білім беру ұйымдары, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдар жаңашыл инновациялық бағыттармен өзгеріп үздіксіз жаңаруда. Қашанда жаңалыққа жаны құмар педагогтар атты зиялы қауым бүгінде өзіндік қызметтерінің сыртқы және ішкі талаптарын орындай отырып алдарындағы міндетті жұмыстарын риасыз орындауда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтамасыз ету» бағытындағы мемлекеттік бағдарламасы негізінде Атырау қаласында 2016 жылдың қазан айынан бастап «Қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты №34 «Нұрбөбек» бөбекжай – балабақшасы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ашылды.
Жүздеріңнен көркем шаттық арайын,
Осыдай болсын ,әрбір күнің ,әр айың
Қадамдарың сәтті болсын балақан.
Тілектерің қабыл болсын ағайын - деп бөбекжай балабақша табалдырығын біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз алғашқы болып аттады.
№34 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасы «Игілік» бағдарламасы аясында «ТеңізШеврОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен және де «Орлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестік мердігерлік мекемесінің іске қосуымен, Вокзал маңы шағын ауданында 12 топтық 280 орындық типтік жобада ашылған мекеме тәрбие мен білім беру ошағы болып саналады. Тәрбие мен білім беру үрдісі мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізіледі.
Бөбекжай-балабақша тәрбиеленушілері 2–6жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамтыған. Балалар ҚР мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасымен жұмыс жүргізіліп, интеграцияланған оқу қызметтерімен дәріс алуда.
Сонымен қатар балабақшамызда инклюзивті білім беруге көңіл бөліп, ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып тәрбиелеу мен оқытудың қол жетімділігін қамтамасыз етудеміз. Мектеп жасына дейінгі балалардың жеке тұлғалық, эмоциялық, әлеуметтік және зияткерлік дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Тәрбиеленушілермен сенсорлық бөлмеде дамытушы ойындар ұйымдастырады, бөбектер балабақшаға аса бір қызығушылықпен қуана келеді. Бүлдіршіндер өте зерек, сондықтан да олармен заман талабына сай жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, күнделікті оқу қызметтерінде, логикалық ойындарда: «Мария Монтессори», «Синквейн», «Масару Ибука», «Мнемотехника», «Ассосация» методикаларын еркін қолдана алады. Балалар берілген тапсырмаларды орындау арқылы барлық білім салалары бойынша танымдық дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Компьютермен жұмыс нәтижесінде балалар аналитикалық ойлау, ақпаратты есте сақтау, бірлік пен өзара қарым – қатынасқа түсу, құрастыру, кеңістікті бағдарлау, алынған ақпаратты жүйелеу, оны айқындай білуді игеруде және де түрлі логоритмикалық тіл жаттығуларын, «Плантайн», «Танграм», «Әлем ғажайыптары» атты қиял мен ой жүйріктігін, зеректігін арттыратын дамытушы ойындарды еркін меңгеруде.
Сенсорлық бөлмеде психолог балалардың бейімделуіне, гипербелсенді тәрбиеленушілерді тыныштандыруға оларға жақсы көңіл – күй сыйлауға бағытталған жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде, түрлі – түсті су бұрқақтар, құрғақ шарлы бассейн, сенсорлық тасбақа, активтендіруге арналған доппен жұмыстар жүргізіп жақсы нәтиже көрсетуде.
Мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеудің түзете қалыптастыру аспектісі балабақшада көріне бастайды, сөйлеу тілі бұзылыстарының бірнеше түрі байқалады. Логопедиялық түзету педагогикалық әсер ету - балалардың сөйлеу тіліндегі ақаулықты түзетуге балабақшамызда арнайы логопед маманы жұмыс жасайды. Тіл кемістігі – балалар арасындағы кең тараған патологияның бірі болып саналады. Сондықтанда оларға кешенді көмек көрсету жұмысын ұйымдастыру логопедтің тікелей міндеті. Қазіргі таңда логопед жүйелі түзету жұмыстарын жүргізіп жақсы қорытындылар көрсетуде.
Медициналық блог жаңа заманауи қондырғылармен жабдықталған онда денсаулығын тексеретін мейірбике бөлмесі бұл жерде бала денсаулығын тексеруге арналған құралдар, салмақты анықтайтын электрондық таразы, бой ұзындығын өлшеуге арналған қондырғы, дәрі - дәрмекке арналған шкафтар, оқшаулау бөлмесіне арналған кереуеттер, термометр, тексеру кушеткасы, ширма, дезинфекциялық құралдармен толық қамтылған.
«Асхана» блогі дәмді ас дайындауға арналған электрлік пештер, қысқатолқынды пештер, нан турауға арналған электр қондырғы, картоп тазартуға арналған электр қондырғы, еттартқыштар, тоңазтқыштар, тамақ өлшеуге арналған таразылар, тамақ дайындайтын котелдармен, сөрелермен, темір үстелдермен, шкафтармен жабдықталған.
Спорттық дене шынықтыру алаңында балалардың жалпы моторикасын дамытуға оң әсерін тигізетін тиімді, әрі денсаулыққа пайдасы мол ойын алаңы қарастырылған. Дене шынықтыру алаңы дене жаттығуларын табиғаттың сыртқы күштерін (күн, су, ауа) пайдалана отырып ағзаны шынықтыруға арналған құралдармен жабдықталған. Ал ішкі спорттық залда Салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесінің алар орны зор, осы мақсаты ұстана отырып, дене шынықтыру залында еңбектеуге арналған құралдар, құрсаулар, «Рыбаков» методикасы бойынша жаттықтырушы құралдар, сырғанақтар, доптар, гимнастикалық қабырғамен жабдықталып дамытушы жаттығулар жүргізілуде.
Бөбекжай балабақшамыздың саз залы өте әдемі әрі мәдени талаптарға сай жасақталған. Барлық балабақша ішілік шаралары осы ортада жүргізіледі.
Тәуелсіз еліміздің «Рухани жаңғыру» бағытын іске асыру мақсатында келешек өскелен ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселесі бүгінгі күннің басты талабы деп білген халқымыз, сондықтанда кішкентайынан әр сәбидің жүрегіне тамаша әндермен жол тапқан. «Рухани жаңғыру» мақсатын көздей отырып ұжымда бір қатар іс - шаралар жүргіздік. Атап айтсақ: «Тәуелсіздік тірегім», «Руханят бастауы –көркем эстетикалық тәрбие», «Егемен елдің қырандары қалықтайды», «Салауаттылық ұлт келешегі», «Отбасының ұйытқысы - әжелер» т.б тақырыптарда тамаша шаралар жүргізіліп жақсы деп бағаланды. Мектепке дейінгі білім берудің траекториясы- педагогтар, тәрбиеленушілер, ата – аналар болса олардың арасындағы сабақтастық қарым –қатынаста жақсы жолға қойылған.
Балалардың білім деңгейінің қорытынды көрсеткішін анықтау үш кезеңге бөліп қарастырылады: бастапқы кезең, аралық кезең, қорытынды кезең деп индикатор толтырылады. Ал педагогтардың біліктілік көрсеткіштері бағалау критерий бойынша мониторинг шығарылып отырады.
«Нұрбөбек» бөбекжай балабақша ұжымы жоғары деңгейде жұмыс нәтижесін көрсету үшін, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды сақтай отырып жас кезеңдерге сәйкес оқу қызметтерін жоғары деңгейде ұйымдастырып және санитарлық қағидаларды қатаң ұстанып қала, облыс, республикалық көлеміндегі шараларға қатысып өз Отанын сүйетін, ұлтжанды қазақ елінің патриоттарын тәрбиелеу біздің басты міндетіміз, әрі жауаптымыз деп санаймыз.